Кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші

Кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші
ашық дереккөз
Кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші

Кеше Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев облысымызға іссапармен келді. Өңірлердегі кәсіпкерліктің жай-күйімен танысу мақсатында Нұржан Бауыржанұлы алдымен облыстық кәсіпкерлер палатасында жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов та қатысты. Кездесуде сөз алған Нұржан Әлтаев кәсіпкерлікті дамыту бағытында елімізде атқарылып жатқан істерге тоқталды. Ол өз сөзінде:

– Бүгінде кәсіпкерлік саласына көрсетіліп отырған қолдау көп. Дегенмен, проблемалар да жетерлік. Мәселен, екінші деңгейлі банктерден несие алу, әсіресе ауыл, аудандарда шағын және орта бизнес өкілдеріне қиын. Сондықтан біз Үкіметке де, жергілікті әкімдіктерге де қаржылық орталық ашу туралы ұсыныс жасап отырмыз. Сол орталық арқылы 20 миллиард теңгеден астам қаржы кәсіпкерлерге берілмек. Банктер бүгінде ауылдардағы үйлерді кепілдікке алмайды. Ал, орталық ашылса, шалғайдағы ауылдастарымыз үйін кепілдікке қойып, несие алуға мүмкіндігі туады. Оңтүстік Қазақстан облысында мұндай қаржылық орталықтар 2009 жылдан бастап тиімді жұмыс істеуде. Несиеге берілген қаржыларының 97 пайызын қайтарып алған. Тағы бір жақсы тәжірибе Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында жүргізілуде. Онда «Жайлау» бағдарламасы іске асуда. Аталмыш бағдарлама бойынша кәсіпкер малды несиеге алады да, оның төлін өзіне қалдырады. Бұл бағдарлама да кәсіпкерлікке кең өріс ашуда. Егер осы бағдарлама мал шаруашылығы жақсы дамыған Жамбыл облысында да іске асса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен бірге жыл соңына дейін тағы бір бағдарлама қабылданатын болады. Онда кәсіпкерлікке қатысты барлық бағдарламалардың басы біріктіріледі. Бұл шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай бағдарламасы болмақ. Бүгінде ауылда көп адамдар өз кәсібін ашқысы келеді. Бірақ, неден бастау керегін, бизнес-жоспарды қалай құратынын, маркетингін білмейді. Сондықтан жыл соңына дейін әр аудан орталығынан кәсіпкерлік мектебін ашу жоспарда бар. Онда мамандар кәсібін бастаймын деген азаматтарға несие алудың жолдарын таныстырып, жан-жақты кеңестер бермек, – деді. Келесі кезекте облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асан Қошмамбетов облыстағы кәсіпкерлікті дамыту саласында орын алып отырған бірқатар проблемаларға тоқталды. Олардың қатарында екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлерге несие беру қиындығы, ауылды жерлерде кепілдікке тұрғын үйлерді алмайтындығы, ирригациялық жүйелердің бұзылуы, отандық өнімді қолдаудың аздығы, туризм саласындағы түйткілді мәселелер бар. Жиында кәсіпкерлер де өз ойларын ортаға салды. Мәселен, туристік фирма директоры Альбина Веймер шетелдік туристерді «біздің ата-бабаларымыз көшпенді болған, осындай шаңды жерлермен жүрген» деп алдаудан шаршағандарын, туристік орындарға барар жолдардың нашарлығын айтты. Бізде шетелдіктер қызыға да қызғана қарайтын тарихи орындар жетерлік екенін, алайда ол жерлерде туристерге қолайлы жағдай жасалмағанын жеткізді. «Бидәулет» ЖШС-ның директоры Туғанай Жолақова: «Бізде қолөнерді дамыту жолға қойылмаған. Мысалы, қонақтарға ескерткіш ретінде ұсынатын қарапайым сувенирлер де жоқ. Екіншіден, банктерге барсақ, олар тіпті бізбен сөйлескілері де келмейді. Барлық жерде қағазбастылық», – деп ойын білдірді. Жиын соңында Қалижан Әбдірайымов пен Асан Қошмамбетов облыстағы кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған меморандумға қол қойды. * * * Мұнан кейін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев екінші деңгейлі банк төрағаларымен, аудан әкімдерімен, кәсіпкерлермен өткен отырысқа қатысты. Жиынды ашқан облыс әкімі: – Шағын және орта кәсіпкерлік – экономикалық дамудың басты негізі. Сондықтан да мемлекет осы жылдың өзінде Ұлттық қордан саланы дамытуға 100 миллиард теңге бөлді. Үкімет тарапынан кәсіпкерлікті дамыту үшін түрлі бағдарламалар қабылданып, қолдаулар көрсетілуде. Дегенмен, бөлінген қаржы жергілікті жерлерде қалай игерілуде, бағдарламалар жүзеге асуда ма? Мәселе осында, – деді де, хабарлама жасау үшін сөзді кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Досан Рымтаевқа берді. Ол өз сөзінде ағымдағы жылдың алты айында екінші деңгейлі банктер арқылы шағын кәсіпкерлікті дамытуға 9,8 миллиард теңге, «КаzMicroFinance» шағын несиелік ұйымы» арқылы 3,8 миллиард теңге несие берілгенін хабарлады. Субсидиялауды қаржыландыру жобасы бойынша «Qazaq banki» АҚ, «Темір банк» АҚ, «Дельта банк» АҚ ең төменгі көрсеткіш көрсетіп отырғанын жеткізді. Басқарма басшысының айтуынша, сондай-ақ, екінші деңгейлі банктер «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша небәрі 169 миллион теңгеге 3 жоба ғана мақұлданған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Алматы облысында 8,7 миллиард теңгеге 21 жоба іске асқан. Жиында сонымен бірге, облыс әкімі аппаратының агроөнеркәсіп кешені мониторингін дамыту жөніндегі бөлімнің меңгерушісі Мұрат Әсілбеков, облыс бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ АФ-ның директоры Руслан Жайшаев, аудан әкімдері, банк төрағалары мен кәсіпкерлер ойларын ортаға салды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі: – Мен аудандарды аралағанда несие алып, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін қаншама ауыл азаматтарын кезіктіремін. Олардың басты проблемалары – несие болып отыр. Ал, екінші деңгейлі банктер болса тәуекелге барғылары келмейді. Аудан әкімдері де жергілікті кәсіпкерлерге жанашырлықпен қарап, қолдау білдіру үшін шыр-пырлары шығып жүргендері шамалы, өкінішке қарай. Аудан әкімдері де, банк өкілдері де оларға немқұрайлы қараса, сонда бөлініп отырған қыруар қаржылар қалай мақсатты жұмсалмақ? Сондықтан мен жетекшісі орынбасарым Қалижан Әбдірайымов болатын арнайы жұмыс тобын құруды тапсырамын. Оның құрамына барлық аудан әкімдері, банк төрағалары кіретін болады. Бұл жұмыс тобы осы айдың соңына дейін әр ауданды аралап, кәсіпкерлермен кездесіп, оларға кеңестер беріп, кәсібін ашып, өркендету жолдарын көрсетеді. Сонда ғана бұл істе нәтиже болады деп есептеймін, – деді.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар